
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу үшін Доха қаласына арнайы сапармен барды. Мемлекет басшысы Қатар Әміріне және оның әулетіне Әмір-Әке шейх Хамад бен Халифа Әл Тәнидің дүниеден озуына байланысты қайғыра көңіл айтты.
Тоқаевтың айтуынша, қазақ-қатар қарым-қатынасының қалыптасып, табысты дамуына шейх Хамад бен Халифа Әл Тәни зор еңбек сіңірді. Ол өз уақытында Қазақстанға екі рет ресми сапармен келген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Әмірді 1999 жылдың сәуіріндегі бірінші сапары кезінде Сыртқы саясат ведомствосының басшысы қызметінде жүріп, өзі қарсы алғанын ризашылықпен еске алды. Сонымен қатар шейх Хамадтың тікелей қолдауымен Астанада алғашқы еңселі әл-Фараби мешіті бой көтеріп, еліміз тәуелсіздігінің бастапқы жылдарында бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар сәтті жүзеге асырылды.
Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни қиын сәтте арнайы келіп, қолдау білдіргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа шынайы ризашылығын білдірді. Ол бұл қадамның Қатар мен Қазақстан халықтары арасындағы бауырластық байланыстардың айрықша сипатын айқын көрсететініне назар аударды. Сондай-ақ, кездесу аясында екі ел басшылары қазіргі халықаралық ахуалды, соның ішінде Таяу Шығыстағы жағдайды талқылап, өзара пікір алмасты. Сапар соңында Қазақстан Президенті Қатар Әмірін өзіне қолайлы уақытта елімізге сапармен келуге шақырды.
Еске сала кетейік, 12 шілде күні Қатардың бұрынғы әмірі шейх Хамад бен Халифа Әл Тани 74 жасында дүниеден өтті.