
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов аптап ыстық биылғы егін түсіміне қалай әсер етіп жатқанын айтты.
Оның айтуынша, күннің қатты ыстық болғанына қарамастан, ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға қатысты ешқандай мәселе жоқ.
«Суармалы егіс алқаптарының басым бөлігі орналасқан оңтүстік өңірлерде су ресурстарын жеткізу бойынша ешқандай қиындық туындаған жоқ. Су беру әрбір ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен жасалған су пайдалану келісімшарттары мен бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан суармалы жерлердегі егін түсіміне алаңдауға негіз жоқ», – деді Сұлтанов.
Вице-министр мамандар астық егілетін барлық өңірлерге барып, егіс алқаптарының жай-күйін бақылауда ұстап отырғанын айтады.
«Қостанай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде жауын-шашын жауып, құрғақшылықтың салдарын айтарлықтай жеңілдетті. Соның нәтижесінде егіс алқаптарының 96 пайызының жағдайы жақсы немесе қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Қурап қалған егіс алқаптары іс жүзінде жоқ», – деп түсіндірді ол.
Дегенмен Ақмола облысының бір бөлігі мен Қарағанды облысында құрғақшылық байқалады. Бұл өңірлердегі жағдай әлі де бақылауда. Нақты қорытынды егін жинау науқаны жақындағанда белгілі болады.
«Сонымен қатар фермерлер мұндай ауа райына алдын ала дайындалды. Олар құрғақшылыққа төзімді тұқым сорттарын пайдаланып, өсімдіктердің вегетация кезеңінде қоректенуін қамтамасыз ету үшін минералды тыңайтқыштарды кеңінен қолданды. Сондықтан қазіргі уақытта өнімнің едәуір бөлігінен айырылып қаламыз деген алаңдаушылық жоқ», – деді Сұлтанов.
Айта кетейік, еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық жалғасып жатыр. Кей өңірлерде +45 градусқа дейін аптап ыстық болады.