
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов кейбір өңірлерде қант бағасының қымбаттауына қатысты пікір білдірді.
Соңғы уақытта Павлодарда қант бағасының күрт өскені туралы ақпарат тарады. Вице-министр мұны жоққа шығармады.
«Жекелеген өңірлерде түйіршіктелген қант бағасының қымбаттауы – маусымдық құбылыс. Себебі дәл осы кезеңде халық компот, тосап және басқа да қысқы азық-түлік қорын дайындай бастайды. Жалпы, алдағы уақытта қант бағасы тағы да өседі деген қауіп көріп отырған жоқпыз. Өйткені биыл қант қызылшасынан мол өнім күтілуде. Бұл – отандық шикізат. Қазір елімізде қант қызылшасын өңдейтін үш зауыт жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар биыл Тараз қант зауытында қант қызылшасын өңдейтін жаңа өндіріс іске қосылады. Соның арқасында жиналған қант қызылшасының бүкіл көлемін өңдей аламыз», – деді Сұлтанов үкіметтегі брифингте.
Вице-министрдің айтуынша, шикізаттың екінші түрі – Латын Америкасы елдерінен импортталатын қант шикізаты. Ол Қазақстандағы зауыттарда өңделеді.
«Дегенмен, мойындау керек, тұтынатын қанттың шамамен жартысы, ал өнім мол болған жылдары 30 пайызға дейінгі көлемі Ресейден импортталады», – деді Сұлтанов.
Азат Сұлтанов қазір әкімдіктердің қоймаларында қант қоры жеткілікті деп сендірді. Нарықта баға құбылған жағдайда бұл қорлар саудаға шығарылып, қант бағасының өсуін тежеуге мүмкіндік береді.
«Қант тапшылығына алаңдауға негіз жоқ. Қазіргі таңда елдің қажеттілігін үш ай бойы қамтамасыз етуге жететін қант қоры қоймаларда бар», – деп толықтырды вице-министр.
Осыған дейін сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жаңартылған мәліметтерді жариялады. Соңғы бір аптада қырыққабаттың бағасы айтарлықтай қымбаттаса, қызанақ пен қияр, керісінше арзандаған.