Жаңалықтар

16-18 шілдеде ауа райы күрт өзгереді: бұршақ жауып, қатты дауыл тұруы мүмкін

16-18 шілдеде ауа райы күрт өзгереді
16-18 шілдеде ауа райы күрт өзгереді / фото: shutterstock

«Қазгидромет» мамандары 16-18 шілде аралығына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Оған сәйкес, елде құбылмалы ауа райы күтіледі.

Еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ жауып, қатты дауыл тұруы мүмкін.

Жауын-шашынның салдарынан батыс аймақтарда аптап ыстық басылып, ауа температурасы +22…+35 градусқа дейін төмендейді. Солтүстікте де күн аз уақытқа болса да салқындап, термометр бағаны +21…+36 градусты көрсетеді. Ал орталық пен шығыс облыстарда әзірге аптап ыстықтың беті қайтпайды, ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі.

Ең ыстық күн оңтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс өңірлерде болады. Мұнда ауа райы қалыпты нормадан асып, +41…+46 градусқа дейін ысиды. Бұл аймақтарда негізінен құрғақ ауа райы сақталады, тек оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында ғана өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін.

Алматыда дәрігерлер аптап ыстыққа байланысты тұрғындарға ескерту жасаған еді. Екі аптаның ішінде аптап ыстықтан жедел-жәрдемге 33 мыңнан аса шақыру түскен.