Жаңалықтар

2025 жылы республикалық бюджетке 730 млрд теңге салық түспей қалған

В акимате Астаны опасаются снижения "упрощенки" до 2% из-за бюджета
730 млрд теңге салық республикалық бюджетке түспей қалған / фото: kursiv.media

2025 жылы Қазақстанның республикалық бюджетіне 730 миллиард теңге салық түсімі жетпей қалды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит нәтижесінде белгілі болды.

Мемлекеттік аудиторлардың анықтауынша, есепті кезеңде республикалық бюджетке түсетін салықтық түсімдер жоспары толық орындалмаған. Түспеген сома 730 млрд теңге немесе 4,8%. Негізгі себептердің бірі – салық бойынша болжам 1,3 трлн теңгеге артық жоспарланған.

«Аудит нәтижесінде соңғы 4 жылда қосымша есептелген салық сомалары бойынша дауланған істердің жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілгені анықталды. Бұған салық заңнамасының талаптарын бұзу және салықтық тексеру актілерін жасау кезінде жіберілген рәсімдік қателіктер себеп болған. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата салықтық тексерулер жүргізу сапасын бақылауды күшейту қажет деп есептейді», – делінген хабарламада.

Кеден саласында қандай заң бұзушылықтар анықталды?

Кедендік бақылау мәселесіне қатысты мемлекеттік аудиторлар тауарларды әкелу кезінде жеңілдіктердің заңсыз берілуін анықтады.

Атап айтқанда, электр көліктеріне ғана арналған жеңілдіктерді гибридті автокөліктерді әкелу кезінде де қолдану фактілері анықталды. Соның салдарынан анықталған фактілер бойынша ғана бюджетке 70 млн теңге көлемінде қаражат толық түспеген.

Сонымен қатар аудиторлар сыртқы экономикалық қызметтің 34 қатысушысы тауарларды импорттау кезінде есепке жатқызу әдісімен төленетін қосылған құн салығын (ҚҚС) заңсыз төлегенін анықтады.

Соның нәтижесінде импортқа салынатын ҚҚС бойынша бюджетке 670 млн теңгеден астам қаражат түспеген.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 2,7 млрд теңге қаржылық бұзушылық, 33 рәсімдік бұзушылық пен 11 жүйелі кемшілік анықталды.