Жаңалықтар

«Алматы – Қаскелең» автожолы сегіз жолаққа дейін кеңейтіледі

pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
pexels, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Алматыдан Қаскелең қаласына дейінгі автожол учаскесінің 8 шақырымдық бөлігін 8 жолаққа дейін кеңейту жобасы ұсынылып отыр.

Көлік министрлігінің ақпаратынша, екі жолайрық пен 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу жоспарланып отыр. Нәтижесінде аталған учаскенің өткізу қабілеті 2 есе артады. Құрылыс жұмыстарын аяқтау және пайдалануға беру 2027 жылғы желтоқсан айына жоспарланған.

20 шілдеде құрылысы басталады

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, жобаны қаржыландыру Қазақстанның Даму банкі арқылы жүзеге асырылмақ.

Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңесте айтылды.  

 «Құрылыс жұмыстарын дүйсенбі, 20 шілде күні бастау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы сапалы әрі барынша қысқа мерзімде орындалуы тиіс», — деп тапсырды Олжас Бектенов.

Премьер-министр жоба құнының бекітілгенін және оның өсуіне жол берілмейтінін атап өтті.

Басқа да автожол жобалары

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұзынағаш ауылынан ұзындығы 32 шақырым болатын балама жол салу жұмыстарының басталғаны туралы баяндады. Бұл жоба Алматы – Қаскелең тас жолына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобалар бойынша Алматы қаласы мен Алматы облысында жер мәселелерін шешу жұмыстары соңғы сатыда тұр.

Сонымен қатар Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды. Алматы – Есік және Алматы – Талғар бағыттарындағы автожол жобалары қаралды. Сондай-ақ рельсті көлікті және Алматы метрополитенін дамыту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр.  

Айта кететін жайт, Алматыдағы SkyTrain қай маршрутпен жүретіні белгілі болды.