Жаңалықтар

Алматы зообағында Құрбанкүл атты керқұлан құлындады

Алматы зообағындағы керқұландар
Зообаққа келушілер әзірге керқұлан құлынын көре алмайды / фото: Алматы әкімдігі видеосынан скриншот

Алматы хайуанаттар бағында керқұлан құлындады. Құрбанкүл биенің екінші төліне Желмая деген ат қойылды. Керқұлан Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жылқы.

Мегаполис әкімдігінің мәліметінше, қазір бие Құрбанкүл, құлыны Желмая және айғыр Мерей мамандардың бақылауында тіршілік етіп жатыр. Олар орналасқан орын зообаққа келушілерге жабық. Қызметкерлер биенің де, құлынның да жағдайы жақсы екенін, төл қалыпты өсіп-жетіліп келе жатқанын айтты.

Керқұлан (Пржевальский жылқысы) – Қазақстанның ғана емес, Табиғатты қорғау халықаралық одағының (IUCN) да Қызыл кітабына енгізілген жабайы жылқының ең сирек түрлерінің бірі.

Қазақстанда керқұлан популяциясын қалпына келтіру үшін 2025 жылы Чехия мен Венгриядан жабайы жылқылар жеткізілген. Биыл маусым айының басында олар Торғай даласына еркіндікке жіберілді.