
Түнгі уақытта Алматы қаласы Бостандық ауданындағы Алмарасан шатқалында адасып кеткен жасөспірімдер табылды.
ТЖМ ақпаратына қарағанда, «Барыс» құтқару қызметінің құтқарушылары байланысқа шықпай қалған бозбалаларды іздестіру-құтқару жұмыстарына дереу кірісті.
«Жасөспірімдердің жоғалғаны туралы хабарлама түскеннен кейін іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іздеу аумағын анықтауға олардың бірінің бұған дейін жіберген бейнежазбасы негіз болды. Байланыстың болмауына және геолокацияны анықтау мүмкін еместігіне қарамастан, құтқарушылар таулы аумақты жедел түрде тексерді», – делінген хабарламада.
Іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде төрт жасөспірім Терра алаңы маңында, тау лашығынан жоғары орналасқан жерде табылды. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар жасөспірімдерді тау соқпағымен төменге түсіріп, ата-аналарына тапсырды.
Мұның алдында Үндістан азаматтары тауда адасып қалған болатын.