Жаңалықтар

Ақшаңыз кірмен жуылып кетсе де, жарамды болып қала береді

ақша кір машинаға жуылса не болады
фото: коллаж Kursiv Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Егер қалтаңыздағы ақша киіміңізбен бірге жуылып кетсе не болады? Жауыннан су болып, батпақ жұқса күшін жоя ма? Ұлттық банк парақшасында арнайы видео жариялап, осы сұрақтарға жауап берді.

Түсінгеніміздей, мамандар банкнота шығарып жатқанда, барынша сынақтан өткізеді. Дайын банкнотаны кір машинаға салып жуады. Топыраққа ұқсас қоспа жағып та көреді. Осыдан кейін қағаз ақшаны арнайы құрылғыға салып, оның қаншалықты өзгергенін байқайды. Сынақтан өткенге дейін және өткеннен кейін банкнота сапасы қалай өзгергенін білу үшін алынған нәтижелерді өзара салыстырады.

«Сіз байқаусызда ақша салған шалбарды кір машинасында жуып жіберсеңіз де, ол біз үшін күтпеген жағдай емес. Біз тест кезінде ондай сценарийлерді қарастырамыз», – дейді Ұлттық банк мамандары.

Олар ақшаны айналымға шығармас бұрын суға салып қана қоймай, ұнтақпен жуып, үтіктеп, үгітіп, мыжып тексереді. Осыдан кейін мамандар қағаздың күйін бақылап, қорғаныш белгілерінің қаншалықты бүлінбей аман қалғанын тексереді және қосымша өлшеулер жүргізеді. Бұдан бөлек, банкноттардың беріктігі, иілімділігі және тозуға төзімділігі сыналады.

Осы сынақтардан аман өтсе ғана банкнота тез тозбайды, жалған ақша жасаушылардан қорғалған деп есептеледі. Тек содан кейін ғана қолданысқа беріледі.

Тағы да оқыңыз: Жалған 5000 теңгені қалай ажыратамыз