
TIBO 2026 көрмесінде таныстырылған жаңа Changan Uni-L электр седанының бағасы шамамен 8,3 млн теңге болып белгіленді.
Changan Uni-L қандай мүмкіндіктер ұсынады
Changan Uni-L – Uni модельдер желісіндегі алғашқы толық электрлі седан. Электр жетегіне көшкеніне қарамастан, көлік дәстүрлі автомобильдердің ыңғайлы басқару элементтерін сақтап қалған.
Атап айтқанда, онда кәдімгі есік тұтқалары, климат-бақылауды басқаруға арналған батырмалар, жүргізушілерге үйреншікті басқару элементтерінің классикалық орналасуы қарастырылған.
Өндірушінің айтуынша, мұндай шешім бензинді көліктен электрлі модельге көшуді жеңілдетеді.
143 ат күшіне тең
Changan Uni-L өлшемі бойынша D-класындағы седандар қатарына жатады. Автомобильдің ұзындығы – 4785 мм, ені – 1840 мм, биіктігі – 1470 мм, ал доңғалақ базасы 2765 мм.
Модель Changan компаниясының алдыңғы жетекке арналған электр платформасында жасалған. Электрқозғалтқышының қуаты 143 ат күшіне тең. Ал CATL компаниясының сыйымдылығы 51,9 кВт·сағ болатын литий-темір-фосфат (LFP) аккумуляторы бар. Бұл CLTC циклі бойынша 530 шақырымға дейін жүріп өтуге мүмкіндік береді.
Жабдықталуы қандай
Көліктің базалық жиынтығында көп жаңашылдық бар. Айталық, 10,25 дюймдік цифрлық аспаптар панелі мен мультимедиа экраны, перфорацияланған эко-былғарыдан жасалған салон, кілтсіз кіру жүйесі, Bluetooth және Wi-Fi, артқы көрініс камерасы, ESP тұрақтандыру жүйесі, шиналардағы қысымды бақылау жүйесі, жүргізушіге көмек көрсететін бірқатар электронды ассистенттер, тағысын тағалыр.
Дистрибьютордың пікірінше, жаңа көліктің бағасы, өлшемі, жабдықталуы және дәстүрлі басқару эргономикасының үйлесімі тартымды. Сондықтан ол сұранысқа ие электр көліктерінің біріне айналуы мүмкін.
Қазақстандықтар Changan көлігін жиі сатып алып жатыр. Бұл бренд алғашқы үштікке еніп отыр.