
«Челси» сапына енді ғана өткен Дастан Сәтбаев клубтың медиа-блогы – Blue Season Daily паблигінің жұлдызына айналып үлгерді. Оның әлеуметтік желіге жарияланған суреттері бір тәулікте мыңдаған лайк жинады.
Лондондық «Челси» футбол клубының тыныс-тіршілігі мен жаңалықтарын баяндайтын танымал жанкүйерлер парақшасы Дастан Сәтбаевтың суреттерін жиі жариялайтын болды. Өйткені контент-мейкерлер 17 жастағы қазақ футболшысы туралы хабарды жұрт көп оқитынын бірден түсінді. Алматылық жас жігітке қолдау көрсетушілердің дені – қазақ жанкүйерлері.
Мәселен, Blue Season Daily дүйсенбі күні ғана Threads-тегі парағына Сәтбаев туралы үш рет жазба жариялады. Дастанның кешегі жаттығудағы суреттері жарты тәуліктің ішінде-ақ 20 мыңнан астам like жинап үлгерді. Салыстырар болсақ, «Челси» жұлдызы Коул Палмердің суретіндегі like саны жүзге де жеткен жоқ.

Көпшілік «Дастанды ойнатыңдар», «Сәтбаевқа пас шығарыңдар», «біздің балаға дұрыстап қараңдар», «алтын баламызды осында жиі жариялап тұрыңдар» деген мазмұнда тілектер жаудырып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын Дастан Сәтбаев «Челси» клубының негізгі құрамындағы футболшылармен бірге жаттыққан. Бас бапкер қызметіне ай басында ғана кіріскен Хаби Алонсо оның жылдамдығы мен төзімділігін сынап көрген.