Жаңалықтар

Диплом жыртқан Дәулет көпшіліктен кешірім сұрады

фото: видеодан скрин

Колледж бітіру кешінде дипломын жыртып, жұрттың ызасын туғызған жігіт көпшілік алдына шығып, кешірім сұрады.

Түлектің есімі – Дәулет Әбдірахман, Алматы бизнес және коммуникация колледжін бітірген. Ол дипломның өзін жыртпағанын айтады.

«Әлеуметтік желіде тараған видеоларым үшін мұғалімдерімнен, білім беру ұйымдарының ұжымдарынан кешірім сұраймын. Дипломның түпнұсқасы жыртылған жоқ. Мен алдын ала дайындап әкелген көк қағазды жырттым. Бұл әрекетіммен ешкімді қорлағым келген жоқ. Білімнің қадірін түсіру мақсатында жасалған жоқ. Ол қоғамда теріс пікір туғызады деп ойлаған жоқпын, қателігім үшін кешірім сұраймын», – дейді жігіт бейнежазбада.

Бұл әрекетін кей қолданушылар оң бағалады. Бірақ басым көпшілігі түлектің әрекетіне ызалы, оның кешірімін де қабылдамай, керісінше жазалау керек деген пікірде.

«Дипломды жыртып алып, не кешірім сұрап тұр, дипломының күшін жою керек», «өзі оқымаған ғой, адал еңбегі сіңбеген», «атың шықпаса жер өрте дегенді тікелей түсініп қалған ғой» деген секілді пікірлер жазып жатыр.

Дипломын жыртқан Дәулеттің видеосы желіде кеңінен тарап кетті. Ол оқу басшылығынан құжат алып тұрып, артынан бірнеше секунд өтпей жатып, сахнада тұрып жыртып тастайды. Күліп, ешнәрсе болмағандай түсіп кетеді.