Жаңалықтар

Кәсіпкерге өмір бойына ішімдік сатуға тыйым салынды

unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкер алкоголь сату ережесін қайталап бұзғаны үшін жазаға тартылды.

Рkzsk.info ақпаратына қарағанда, ол өмір бойына алкоголь өнімдерін сату лицензиясынан айырылған. Бұдан кейін ол кафесін сатуға мәжбүр болған.

Полицияның мәліметінше, жаңа иесі құжаттарды реттегенімен, мекеме әлі де ерекше бақылауға алынған. Бұған дейін онда қоғамдық тәртіп бірнеше рет бұзылған.

Жыл басынан бері өңірде алкогольді түнгі уақытта немесе 21 жасқа толмағандарға сатқан сегіз нысан анықталып, олардың лицензиясы бір айға тоқтатылды.

Сондай-ақ алты ай ішінде полиция 12 заңсыз алкоголь саудасы дерегін анықтаған. Заңсыз айналымнан 200 литрден астам спирттік өнімді, оның ішінде контрафактілік ішімдіктерді тәркіледі. Тәртіп сақшылары алкогольге тәуелді сегіз адам мәжбүрлі емдеуге жіберген.

Ал Шығыс Қазақтан облысында 28 ауыл ішімдіктен бас тартып отыр.