Жаңалықтар

Қазақстан экономикасына берілген кредит көлемі 52 трлн теңгеден асты

Кредит көлемі артты / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

1 маусымдағы дерек бойынша, Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер мен басқа да қаржы ұйымдары жалпы 52,3 трлн теңге кредит берген. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 17,5%-ға көп.

Несиенің басым бөлігі, яғни 27,5 трлн теңгесі (жалпы көлемнің 52,5%-ы) – қарапайым азаматтар алған кредит. Бұған ипотека, автонесие және күнделікті қажеттілікке алынған тұтынушылық несиелер жатады.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында компаниялар мен жеке кәсіпкерлер 24,8 трлн теңге (жалпы көлемнің 47,5%-ы) несие алған.

Бұл несиенің 88,6%-ы (немесе 46,3 трлн теңге) теңгемен ресімделген. Ал шетелдік валютадағы несиенің үлесі 11,4% (шамамен 6,0 трлн теңге) құрайды.

Сонымен қатар, халық пен бизнестің негізгі қарыз көзі бұрынғыша екінші деңгейлі банктер болып қала бермек. Бүкіл несиенің 85,0%-ын дәл осы банк секторы берген.

Қазақстанда 90 күн бойы төленбей, мерзімі өтіп кеткен проблемалық несие (NPL) көлемі 1,72 трлн теңгеден асты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) соңғы шолуына сәйкес, жыл басынан бері көрсеткіш айтарлықтай өсіп, банктердегі несие қоржынының 3,97%-ын құрап отыр. 2025 жыл соңында сома 1,57 трлн теңге (3,6%) болған еді.