Жаңалықтар

Қытайлардың табысы артып жатыр

Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай
Unsplash, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қытай халқының жан басына шаққандағы табысы 2026 жылдың алғашқы жартысында 5,2%-ға өскен.

Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Қытайдың Мемлекеттік статистика басқармасы мәлімдеген.

Ведомствоның мәліметінше, биылғы алғашқы алты айда ел тұрғындарының жан басына шаққандағы қолда бар орташа табысы 22 981 юань (шамамен 3 384 АҚШ доллары) болып отыр. Баға факторларын есепке алғанда, нақты өсім 4,2% болған.

Ауыл тұрғындарының табысы қала тұрғындарына қарағанда жылдам өсіп келеді. Бірінші жартыжылдықта қала тұрғындарының жан басына шаққандағы орташа табысы 30 126 юаньға (шамамен 2,17 млн теңге) жетіп, номиналды түрде 4,4%-ға, ал нақты мәнде 3,4%-ға өсті.

Ал ауыл тұрғындарының орташа табысы 12 699 юань болып отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды түрде 6,4%, ал нақты есеппен 5,5% жоғары.

Соңғы, сәрсенбі күні жарияланған деректерге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қытайдың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,7%-ға артқан.

Айта кететін жайт, Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин қазақ дәрігерін елдің ең жоғары орденімен марапаттаған еді.