
Алматыдағы Халықаралық бизнес және коммуникация колледждегі диплом тапсыру рәсімінде құжатты жұрт алдында жыртып тастаған түлек ұсақ бұзақылық үшін бес тәулікке қамауға алынды.
«Жүргізілген тексеру барысында қосымшасы бар дипломның түпнұсқасы, сондай-ақ, білім беру мекемесі берген мұқаба зақымдалмағаны анықталды. Бейнежазбада диплом мұқабасының алдын ала дайындалған имитациясы қолданылған. Соған қарамастан, жарияланған ролик интернет желісінде кеңінен тарап, пайдаланушылардың әртүрлі реакциясын тудырды және полиция тарапынан тексеру нысанына айналды», – деп хабарлады қалалық полиция.
Әкімшілік сот жас жігіттің іс-әрекетінде қылмыстық жауаптылық белгілері болмағанымен, заңсыз контентті орналастырғаны және таратқаны үшін оны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салды.
Сонымен қатар, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған бес тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды.
Айта кетейік, осыған дейін желіде колледж түлегі дипломды жыртқаны үшін кешірім сұраған видео жариялаған. Дәулет Әбдірахман колледж оқытушылары мен әкімшілігінен кешірім сұрап, жасаған ісіне өкінетінін мойындады. Ол құжатты бүлдіру арқылы жасаған ісін алдын ала ойластырғанын, бірақ жыртылған дипломның түпнұсқа емес, оның көшірмесі болғанын айтты.