Жаңалықтар

Алматы жастары тоғызқұмалақты тегін үйрене алады

Тоғызқұмалақ ойнаған жастар
Жастар орталығында тоғызқұмалақ үйренуге болады / фото: Алматы әкімдігі

Алматы қаласында жастарға тоғызқұмалақ үйрететін тегін курстар ашылды. Ол Медеу ауданындағы жастар комьюнити орталығында жұмыс істейді, деп хабарлайды мегаполис әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жастар орталығында ұлттық зияткерлік ойын – тоғызқұмалақ курсының ашылу рәсімі өтті. Жобаны қалалық Жастар саясаты басқармасы мен «Алматы қаласы Тоғызқұмалақ Федерациясы» бірлесіп қолға алды.

Әкімдік мәліметінше, бастама жастар арасында ұлттық ойынды кеңінен насихаттауға, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға бағытталған.

Іс-шара аясында жоба ресми түрде таныстырылып, қаланың жастар комьюнити орталықтарының басшыларына тоғызқұмалақ ойын жиынтықтары табысталды. Бұл жиынтықтар алдағы уақытта Алматыдағы комьюнити орталықтарында ұйымдастырылатын тегін сабақтарда пайдаланылады.

Тегін сабақтарға Алматы қаласының барлық ниет білдірген жастары қатыса алады.

Айта кетейік, биыл жазда елде қазақ күресі, асық ату және тоғызқұмалақ бойынша турнирлер өтеді.