Жаңалықтар

Аптап ыстыққа байланысты Алматы көшелеріне су себіледі

фото: Zakon.kz

Аптап ыстыққа байланысты коммуналдық қызмет мамандары Алматы көшелеріне су бүркиді. Жұмыстар тәуліктің ең ыстық уақытында жүргізіліп, қаланың 128-ден астам көшесін қамтиды деп хабарлайды Алматы әкімдігі.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мәліметінше, негізгі магистральдық көшелерде және адам көп жүретін учаскелерде жолға су себеді, ауаға да су бүркиді. Бұған 16 техника жұмылдырылады.

Көшеге су бүрку асфальттың үстіндегі ауаны салқындатып, шаңды басуға және аптап ыстықтан жолдың балқып, бұзылып кетпеуіне көмектеседі. Сонымен бірге қала көшелерін күнделікті тазалау жұмыстары да тоқтаусыз жүріп жатыр. Қазір жолдар мен тротуарларды, аялдамалар мен басқа да нысандарды жууға 500-ден астам арнайы машина бөлінген.

«Қазгидромет» мамандарының мәліметінше, 16-20 шілде аралығында Алматыда күн қатты ыстық болады. Кей жерлерде температура +42 градусқа дейін жетеді.

Қаладағы ыстыққа байланысты жедел жәрдем шақыратындар саны артқан. Екі аптаның ішінде 33 мыңнан аса шақыру түскен.