
inDrive платформасының негізін қалаушы Арсен Томский Алматыда ең үздік нәтиже көрсеткен жаяу курьерді марапаттады. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Маусым айында ерекше көзге түскен үздік курьер – Елбосын Құрышбайұлы. Ол бір айдың ішінде жаяу жүріп 234 тапсырысты сәтті жеткізген. Уәде етілгендей, оған 1,2 миллион теңге табыс етілді.
Арсен Томскийдің айтуынша, Елбосын қазір қаржылай қиындық көріп отыр. Көмек оған нағыз қажет сәтте бұйырған.
«Ол қанша қиындық болса да, берілмей, көп еңбек етіп, тығырықтан шығуға тырысып жүр. Мұндай жеңіс дәл осындай жандарға өте қажет және олар бұған әбден лайықты», – деп атап өтті inDrive басшысы.
Арсен Томскийдің дәулеті 685 млн доллар деп бағаланған. Forbes Kazakstan журналының ең бай 75 кәсіпкер тізімінде 12-орынға тұрақтаған. Осыған дейін ол арасында өзі де курьер болып жүретінін айтқан еді.