Жаңалықтар

Бір суреттің тарихы: Месси шомылдырған сәби 19 жылдан кейін өзіне қарсы ойнайды

Месси мен Ямаль / фото: Фото: Joan Monfort/AP Photo/ТАСС

19 шілде күні Аргентина мен Испания құрамалары Әлем чемпионатының финалында кездеседі. Бір қызықты жайт, финалда осыдан 19 жыл бұрын жас Месси жуындырған кішкентай нәресте, бүгінде Испанияның бас жұлдызы Ламин Ямаль өз ұстазымен бетпе-бет келеді.

Финал қарсаңында әлеуметтік желіде Мессидің 5 айлық Ямальды жуындырып жатқан суреті тарап жатыр. Kursiv.Media әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударған бұл архивтік фотосуреттің құпиясы мен оның қалай жасалғаны туралы қызықты деректерді ұсынады.

2007 жылғы фотосессия

Бұл тарихи сурет 2007 жылдың желтоқсан айында жасалған. Ол кезде 20 жастағы Лионель Месси «Барселонаның» негізгі құрамында өнер көрсетіп, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ойыншы болатын. Ал оның шомылдырып отырған сәбиі небәрі бес айлық Ламин Ямаль еді.

Түсірілімді «Барселона» клубының қоры Diario Sport газетімен бірлесіп, ЮНИСЕФ және Каталонияның басқа да қайырымдылық ұйымдарына қаражат жинау мақсатында 2008 жылғы күнтізбе үшін арнайы ұйымдастырған. Акция аясында клуб футболшылары жыл сайын балалармен суретке түсетін. Жобаға жүздеген отбасы қатысып, бұл суреттердің көбі уақыт өте келе ұмытылып кеткен. Алайда болашақта 8 рет «Алтын допты» иеленетін Мессидің жұбы ретінде дәл осы Ламин Ямаль таңдалған еді.

«Екеуі де қатты ұялды»: фотографтың естелігі

Суреттің авторы, танымал фотограф Джоан Монфорт бұл кадрды түсіру оңай болмағанын айтады.

«Бұл өте күрделі түсірілім болды. Лионель Месси қазірдің өзінде өте ұяң адам, ал жас кезінде одан да бетер ұяң болатын. Оның алдында су толы кішкентай пластик ванна мен бейтаныс сәби жатыр. Бастапқыда олардың арасында ешқандай байланыс болмады, бәрімізге сәл ыңғайсыз еді. Бірақ бірте-бірте бір-біріне үйренісіп, нәтижесінде керемет жылы кадр шықты», – деді.

Бала жатырқамасын деп түсірілімге Ламиннің анасы Шейла Эбана да қатысты. Ол баласын Барселонадан 40 шақырым жерде орналасқан Матаро қаласынан «Камп Ноу» стадионына дейін алып келген еді.

Бала Ямальдан жұлдыз Ямальға дейін

Осы фотодан кейін арада 6,5 жыл өткенде, кішкентай Ламин Матародан Барселонаға футбол жаттығуларына қатысу үшін қатынай бастайды. 2014 жылы «Барселонаның» әйгілі «Ла Масия» академиясына қабылданады.

Осылайша, Ямаль жастайынан таңғаларлық нәтижелер көрсете бастады. 15 жасында – Испания чемпионатында дебют жасады. 16 жасында – Испания ұлттық құрамасы сапында алғашқы ойынын өткізді.

2024 жылдың жазында – Испаниямен бірге Еуропа чемпионатында жарқырап, турнирдің басты қаһармандарының біріне айналды. Дәл осы Еуро-2024 кезінде оның әкесі Мунир Насрауи бұл архивтік суреттерді әлеуметтік желіде жариялап, әлемді таңғалдырған болатын.

Бүгінде Ламин Ямаль «Барселона» клубында кезінде Мессидің өзі өнер көрсеткен 10-нөмірлі жейдеде ойнайды.

Ламин Ямаль / фото: AFP

Тарих қайта жазылатын күн: 19 шілде

Фотограф Джоан Монфорт бұл сәйкестікті «лотереядан бас жүлде ұтып алумен бірдей» деп бағалайды. Бұл сурет оның мансабындағы ең танымал кадрға айналды.

Енді, фотосессиядан кейін тура 19 жыл өткенде, ұстаз бен шәкірт, аңыз бен болашақ жарық жұлдыз Әлем чемпионатының шешуші матчында бетпе-бет келеді. Аргентина өзінің чемпиондық титулын қорғап қалуға тырысса, Испания Ламин Ямальдың бастауымен бас кубокты жеңіп алуды көздейді.

Оқи отырыңыз: Аргентина соңғы минуттарда Англияны тізе бүктіріп, финалға шықты