
Бүгін, 16 шілдеде Семей қаласында футболдан УЕФА Конференция лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясындағы қарымта ойын өтеді. Жергілікті «Елімай» өз алаңында Арменияның «Алашкерт» клубын қабылдайды. Ереванда өткен алғашқы кездесуден кейін қос команданың да келесі кезеңге өту мүмкіндігі тең болып тұр, сондықтан бүгінгі ойын Семей футболы үшін тарихи әрі өте маңызды кездесу болмақ.
Ойын сағат 20:00-де басталады. Отандық футбол жанкүйерлері кездесудің тікелей трансляциясын Qazsport телеарнасынан тамашалай алады.
Ереванда өткен бірінші ойында қос ұжым 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. Ол кездесуде «Елімай» сапынан Әрсен Әшірбек 60-минутта есеп ашып, семейліктерді алға шығарғанымен, ойын соңында, 86-минутта Давид Тертерян таразы басын теңестіріп кеткен еді. Осы екі ойынның арасында «Елімай» Қазақстан чемпионатында ешқандай матч өткізбей, бар назарын тек еурокубоктағы осы қарымта кездесуге аударды.
Биылғы еурокубок маусымында Конференция лигасында еліміздің намысын «Елімайдан» бөлек «Астана» мен «Тобыл» клубтары қорғаса, Чемпиондар лигасында алматылық «Қайрат» екінші кезеңге өтті.