
2026 жылғы Әлем чемпионатының жартылай финалында Англияны жеңіп, финалға жолдама алған Аргентина құрамасы үлкен даудың ортасында қалды. Томас Тухель шәкірттерінен басым түскен соң, аргентиналық футболшылар алаңда саяси сипаттағы баннер көтеріп, жеңісті тойлады. Осы әрекеті үшін Лионель Скалони командасы Әлем чемпионатының финалынан шеттетілуі мүмкін.
Халықаралық футбол қауымдастықтары федерациясы (ФИФА) бұл оқиғаға байланысты ресми түрде тәртіптік іс қозғау мәселесін қарастырып жатыр.
Атлантадағы арандатушылық
АҚШ-тың Атланта қаласында өткен матч тартысты өтіп, Аргентина құрамасы 2:1 есебімен жеңісті жұлып алған болатын. Алайда, ойын аяқталысымен аргентиналық ойыншылар алаң ортасына «Las Malvinas son Argentinas» (аудармасы: «Мальвин (Фолкленд) аралдары – Аргентинаныкі») деген жазуы бар үлкен баннерді алып шықты.
ФИФА регламентіне сәйкес, стадионда және ресми матчтар кезінде кез келген ұрандарды, баннерлерді немесе саяси сипаттағы акцияларды қолдануға қатаң тыйым салынған. Осы ережені өрескел бұзғаны үшін Аргентина футбол қауымдастығына ауыр санкциялар қолданылуы мүмкін – тіпті команданы алдағы жексенбіде өтетін Испанияға қарсы финалдық ойыннан шеттету қаупі туындап отыр.
Тарихқа шолу: Фолкленд аралдары үшін талас неден басталды?
Бұл спорттық ғана емес, тамыры тереңде жатқан геосаяси қақтығыс. Атлант мұхитының оңтүстік-батысында орналасқан Фолкленд аралдары (аргентиналық атауы – Мальвин аралдары) Ұлыбритания мен Аргентина арасындағы көпжылдық аумақтық даудың нысаны болып келеді.
Аргентина бұл архипелагты ондаған жылдар бойы өз аумағы деп санап, «Британия бұл жерді 1833 жылдан бері заңсыз бақылауда ұстап отыр» деп айыптайды.
1982 жылдың сәуірінде қос мемлекет арасында осы аралдар үшін қарулы қақтығыс орын алды. 74 күнге созылған соғыс Ұлыбританияның толық жеңісімен аяқталды. Бұл соғыста 655 аргентиналық және 255 британдық әскери қызметкер қаза тапты.
2013 жылы Фолкленд аралдарында ресми референдум өтіп, онда жергілікті тұрғындардың 99,8 пайызы Ұлыбританияның теңіз арғы жағындағы аумағы мәртебесін сақтауды қолдап дауыс берді.
ФИФА-ның дәл осы мәселеге қатысты Аргентинаны жазалаған кездері де болды. 2014 жылы Словенияға қарсы жолдастық кездесу алдында дәл осындай баннер ұстап шыққаны үшін Аргентина футбол қауымдастығына 20 000 фунт стерлинг көлемінде айыппұл салынған еді.
Бірақ бұл жолы оқиға Әлем чемпионатының жартылай финалында, миллиондаған көрерменнің көз алдында қайталанды. Енді ФИФА-ның Тәртіптік комитеті бұл әрекетті «қайталанған құқық бұзушылық» және «саяси акция» деп таныса, жаза жай ғана айыппұлмен шектелмеуі мүмкін.
Бұған дейін, 2,5 миллион адам Аргентинаны Әлем чемпионатынан шеттетуді талап етіп, петиция жариялаған еді.