
Грекияның Desserta Hellas компаниясы Қазақстанда ірімшік пен сүт өнімдерін шығаруға ниетті. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Жобаны іске асыру мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров инвесторлар Афанасиос Платаниас және Йозеф Браунсхофермен талқылады. Кездесуге Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин де қатысқан.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылы екі ел арасындағы агроөнеркәсіп тауар айналымы 12%-ға өскен.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ірімшік шығаратын 64 кәсіпорын және жылына 2,7 млн тонна сүт өңдей алатын 182 зауыт жұмыс істейді. Гректер жергілікті нарықта ұзақ мерзімді өндіріс орнын ашуға ниетті.
Министрлік шетелдік серіктестерге Қазақстанныкң шикізат базасын таныстырып, келесідей мемлекеттік қолдау шараларын ұсынды:
- Инвестициялық шығындардың 25%-ына дейін қайтару;
- Терең өңделетін өнімдерге қажетті шикізатты сатып алу шығынын субсидиялау;
- Несие мөлшерлемесін төмендету және айналым қаражатын жылдық 5%-бен жеңілдетіп қаржыландыру.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл инвестициялық жобаны жүзеге асыруға толық қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Бұған дейін қытай кәсіпкері елде металл конструкция мен бетон шығаратын зауыт ашатыны белгілі болған.