
Мектеп оқулықтары жаппай жаңартылатына қарамастан, оқу-ағарту министрлігі жұмысты дер кезінде аяқтауды жоспарлап отыр.
Ведомство оқушыларды сапалы әрі заманауи оқулықтармен қамтамасыз ету министрліктің басты міндеті екенін еске салып өтті.
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектеп оқулықтарынан 700-ден астам қателік анықталғанын хабарлады.
«Қазір баспалармен және сарапшылармен бірлесіп анықталған ескертулерді жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқулықтарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
2026 жылдың 30 тамызына дейін 3-сыныптарға арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка» пәндері бойынша, сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәні бойынша оқулықтар сатып алынады», – деп хабарлады министрлік.
Қазірге дейін оқулықтар таңдалып, жергілікті атқарушы органдар өтінімдерін баспаларға жолдап қойған.
Айта кетейік, 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін 4 және 9-сыныптарға, 1 сәуірге дейін 8-сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылады.
Бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтарының қайта жазылу себебін түсіндірді.