
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 9%-ға артты.
Көлік министрлігінің ақпаратына қарағанда, екі ел арасында тасымалданған жүктің салмағы 18,7 млн тоннаға жеткен.
«Жүк тасымалының екі бағытында да оң динамика байқалады. Алты айдың қорытындысы бойынша Қытайдан Қазақстанға 7,0 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 9%-ға артты», – делінген министрліктің ақпаратында.
Ал, Қазақстаннан Қытай бағытына 11,7 млн тонна жүк жөнелтіліпті. Бұл да өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 10%-ға жоғары. Оның ішінде Қытайға экспорттық тасымалдар – кен, құрама жем, қара және түсті металдар, астық, мұнай және мұнай өнімдері, сондай-ақ басқа да жүктер 8,5 млн тонна болып отыр.
2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға өскен. Жүк тасымалы көлемінің артуына екі елдің теміржол әкімшіліктері арасындағы жүйелі өзара ынтымақтастық ықпал етуде. Шекара маңындағы инфрақұрылымды дамытуға, шекаралық өткелдердің өткізу қабілетін арттыруға және жүк тасымалы көлемін одан әрі ұлғайтуға қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылуда.
2025 жылы Қазақстан аумағы арқылы транзитпен өткен Қытай жүктерінің жалпы салмағы 20,2 млн тоннаға жеткен еді.