
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағы төрт ірі ұйымға әмбебап лицензия берілгенін хабарлады. Олардың қатарында KMF Банк, Altyn Bank, Bank RBK және Отбасы банкі бар.
Бұған дейін мұндай лицензияны Alatau City Bank, ForteBank, Kaspi Bank, Halyk Bank және Freedom Bank алған болатын.
Әмбебап лицензия банкаралық қарыз, банкаралық кепілдік, банкаралық кепілгерлік, сондай-ақ өзге де банкаралық операциялар жүргізуге құқық береді.
Банктердің әмбебап және базалық лицензияларға бөлінуі – 2026 жылдың басында қабылданған «Банктер және банк қызметі туралы» жаңа заңның нәтижесі.
Қазақстанда ондаған жылдар бойы «бірыңғай лицензия» қағидаты қолданылып келді. Ол жүйеде банктердің көлемі мен ерекшелігіне қарамастан, реттеушілік талаптардың бәріне бірдей қатаң болуы көзделген еді.