
«Қазақтелеком» мен халықаралық «Hengtong Group» компаниясы Қазақстанда жаңа дата-орталықтарды бірлесіп дамытуға келісті. Бұл құжатқа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға жасаған ресми сапары аясында қол қойылды.
Жалпы Қазақстан мен Қытай тарапы Шанхайда 15 миллиард доллардан асатын ірі келісімдерге қол қойды. Бұл келісімдер жасанды интеллект, цифрландыру, көлік, қаржы, машина жасау және робот техникасы сияқты ең заманауи әрі жоғары технологиялық салаларды дамытуға бағытталған.
Жасанды интеллект пен робот өндірісі
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры әлемге әйгілі Huawei компаниясымен бірлесіп, жаңа технологиялық шешімдер мен жабдықтар сатып алу туралы келісті. Алматы әкімдігі UBTECH Robotics және NERO Group компанияларымен бірге қалада робот техникасын дамытпақ. Сонымен қатар, Qazbot Technologies пен Agibot компаниялары да осы бағытта стратегиялық серіктес атанды.
Электр көліктері және логистика
Қазақстанда электр көліктеріне арналған қуаттау станциялары кеңейіп, автомобиль саласына жасанды интеллект енгізіледі. Бұл жобаны «Самұрық-Қазына», Freedom Holding, Астана әкімдігі және Geely Auto Group бірлесіп қолға алады. Бұдан бөлек, Маңғыстау облысындағы Құрық портында жаңа үлкен терминал салынады және «Қорғас – Шығыс қақпасы» аумағында жаңа халықаралық логистикалық дәліз дамитын болады. Жолдар мен шекаралардағы өткізу пункттері заманауи тексеру құралдарымен жабдықталып, «Транстелеком» мен GuoDong Group бірлесіп жаңа байланыс діңгектерін тұрғызады.
Өндіріс пен қаржы саласы
Отандық өндірісті қолдау мақсатында «Qarmet» комбинаты мен Қазақстанның Даму Банкі қытайлық серіктестерімен бірге жаңа кокстық батареялар кешені мен газ тазарту жүйесін салуға уағдаласты. Ал қаржы нарығында Қазақстанның Даму Банкі офшорлық облигациялар шығару бойынша Қытайдың орталық депозитарийімен (CCDC) ынтымақтастық орнатты.
Бұған дейін Тоқаевтың Қытайдың жетекші компаниялары басшыларымен кездескенін жазған едік. Ол Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы болуы керек деп мәлімдеген.