Жаңалықтар

Тоқаев: Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы болуы керек

фото: Ақорда

Қазақстан Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамуы қажет. Қытайдың жетекші компаниялары басшыларымен кездескен Тоқаев осылай деді.

«Ауыл шаруашылығында бәсекеге қабілетті болу үшін тек табиғи ресурстарға сенім артып отыру жеткіліксіз. Осы салада, ең алдымен, деректерді, жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны тиімді пайдалана білу өте маңызды. Қазақстан екі жыл қатарынан 27 миллион тонна астық жинады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Мұның бәрі – заманауи технологияның және тиімді басқарудың нәтижесі», – деді ол.

Тоқаев дерегінше, қазір елде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 650-ден астам шаруашылыққа цифрлық шешімдер енгізбек. Ал бұл жобаларды іске қосудың мақсаты – 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді.

«Біз сол арқылы Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытуды көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа жетудің төте жолы – жасанды интеллект, роботтандыру және Industry 4.0 технологиясын енгізу. Сапаны бақылаудың зияткерлік жүйелері, автоматтандырылған өндіріс желілері және цифрлық негізде біріктірілген жеткізу тізбектері еңбек өнімділігін арттырып, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеуге жол ашады», – деді мемлекет басшысы.

Қазір Тоқаев  жұмыс сапарымен Шанхай қаласында жүр. Ол Қытайға Си Цзиньпиннің арнайы шақыртуымен барған.