
Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сақтандыру компанияларына белсенді түрде аударып жатыр. 2026 жылдың бес айында зейнетақы аннуитеті шарты бойынша аударылған ақша көлемі бірден 16%-ға жуық өсті. Нәтижесінде бұл мақсатқа жұмсалған жалпы сома 1,5 трлн теңгеге жақындады (нақты көрсеткіш – 1 461,1 миллиард теңге). Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің шолуында жазылған.
Міндетті зейнетақы жарнасы бар шоттар саны жыл басынан бері 43 мыңға артып, 11,3 миллионнан асты. Еңбек жағдайы зиянды жұмыста істейтіндердің (кәсіби жарналар) шоттары 18 мыңға көбейіп, 781 мыңға жетті. Ал өз еркімен ақша жинайтындардың шот саны, керісінше, шамамен 8 мыңға азайып, 458 мыңды құрады.
Жалпы жинақ көлемі өсті
Халықтың жинаған зейнетақы ақшасы 5 айда 1,4 триллион теңгеге (5,4%-ға) өсіп, 26,6 триллион теңгеге жетті. Оның ішінде таза инвестициялық кіріс ретінде 778 миллиард теңге қосылды.
Елдегі барлық зейнетақы жинағы Қазақстанның Жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) шамамен 16%-ына тең.
Қордан қанша ақша алынған
Жыл басынан бері зейнетақы қорынан барлығы 694 млрд теңге төленді. Оның ішінде халық тұрғын үй жағдайын жақсартуға 307 млрд теңге (жалпы жиынтығы 4,9 трлн теңге), ал емделуге 600 миллион теңге (жалпы жиынтығы 1 трлн теңгеден астам) жұмсады.
Сонымен қатар, әскерилер мен арнаулы орган қызметкерлерінің қайтарылған жарналарының сомасы 150 млрд теңгеден асты.
Зейнеақы активтері қайда инвестицияланады
Зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 26,6 триллион теңгеге жетті. Қордағы ақшаның ең үлкен бөлігі, яғни 43%-ы (11,5 триллион теңге) Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған.
Тағы 23%-ы (6,1 триллион теңге) шетелдік компаниялардың басқаруында тұр. Қазақстандық компаниялардың акциялары мен облигацияларына 13%-ы (3,5 триллион теңге) бағытталса, дәл осындай көлем (13%) шетел мемлекеттерінің бағалы қағаздарына тиесілі.
Екінші деңгейдегі банктердегі салымдарда зейнетақы активтерінің 3%-дан астамы (825 миллиард теңге) сақтаулы тұр. Жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруында 110 миллиард теңгеге жуық қаражат бар.
Бүкіл халықтың болашақ зейнетке деп жинаған қаржысын 2013 жылдан бері Ұлттық банк сенімгерлікпен басқарып келеді. 2014 жылдың 26 наурызында бұрынғы жеке қорлардың бүкіл активі толығымен БЖЗҚ-ға шоғырландырылып, Ұлттық банктің басқаруына түпкілікті өткен.