
Биік қоршау, қаруланған күзет, қатаң өткізу тәртібі және дала төсіндегі ондаған шақырым жол. Осындай жабық аумақта елорданы ауызсумен қамтамасыз етіп, миллионнан астам тұрғынды су тасқынынан қорғауда маңызды рөл атқаратын гидротехникалық құрылыстар орналасқан. Kursiv.media тілшісі Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған баспасөз турына қатысып, Астана маңындағы стратегиялық гидротехникалық нысандарды аралап қайтты.

Ең алдымен елордадан шамамен 60 шақырым қашықтықта орналасқан «Астана су қоймасына» ат басын бұрдық. Нысанның стратегиялық маңызы оның аумағына кіреберістен-ақ байқалады.


Биік қоршау, күзет және қатаң өткізу тәртібі. Журналистерді қаруланған қауіпсіздік қызметінің мамандары қарсы алып, құжаттарын тексергеннен кейін ғана гидроторап аумағына өткізді.
Бір қарағанда көкжиекке дейін созылған су айдыны көрінеді. Дәл осы жерден елордаға ауызсу жеткізіледі.


Гидроторап жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған. Осы уақыт ішінде нысанға кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Енді жоба аясында бөгеттен бастап су деңгейін бақылау жүйелеріне дейін толық жаңарту жоспарланып отыр. Яғни бөгет нығайтылып, гидротехникалық жабдықтар ауыстырылады және су ағызу жүйесі жаңартылады.

Қазір су қоймасында 410,9 млн текше метр су жиналған, ал пайдалы көлемі 375,4 миллион текше метрді құрайды. Ал су тасқыны кезінде су ағызу жүйесінің өткізу қабілеті секундына 1920 текше метрге дейін жетеді.

«Астана су қоймасы 1970 жылы берілген, содан бері ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілмеген. Қазір министрлік пен комитет тарапынан жаңғырту жобасын әзірлеудеміз. Су қойманың барлық дамбасы күшейтілетін болады және ішкі еңісі нығайтылады. Қазіргі заманға сәйкес автоматтандырылған мониторинг жүргізетін жүйе орнатылады. Болашақта қолмен басқару емес, жаңа технологиямен автоматты түрде басқарылатын болады. Биыл жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтап, келесі жылдан бастап жобаны қаржыландыру мәселесін пысықтауды жоспарлап отырмыз», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.


Журналистер комитет төрағасына Астанада ауызсу тапшылығы болуы мүмкін бе деген сауал қойды. Арсен Жақанбаев елордада әзірге ауызсу тапшылығы қаупі жоқ деп сендірді. Оның сөзінше, су аз болған жылдардың өзінде қор жеткілікті болған. Бұған қоса, Астанада тұрғындар санының өсуін ескеріп, жаңа су құбырын салу жұмыстары жүргізілуде.