
Астана су тасқынына қаншалықты дайын?! Елорданы тасқыннан қорғайтын нысандар қандай жағдайда және олардың мүмкіндігі қандай?! Осы сұрақтарға жауап алу үшін Kursiv Media тілшісі Астананың су қауіпсіздігіне жауапты негізгі нысандарды аралап көрді. Су ресурстары және ирригация министрлігі ұйымдастырған баспасөз туры барысында журналистер Астананың су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін нысандарды аралады.
Алғашқы нысан – Астананың қорғаныс бөгеті болды. Ол елорданы көктемгі су тасқынынан қорғайтын негізгі нысандардың бірі. Бөгет Есіл өзеніндегі тасқын суларды ұстап, олардың көлемін реттейді. Қазіргі уақытта осы гидротехникалық құрылысты жаңғырту жұмыстары басталды.


«Соңғы климаттық өзгерістер мен төтенше су тасқындарының жиілеуін ескере отырып, қазіргі уақытта қорғаныс бөгетін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба аясында су ағызу жүйесі жаңартылып, бөгет нығайтылады және қосымша 4,2 шақырым қорғаныс бөгеті салынады. Бұл нысан қаланы қорғауға, сондай-ақ тасқын сулардың көлемін реттеуге арналған. Жоба экологиялық жағдайға да оң әсер етеді. Су шайылу қаупін азайтып, қажет болған жағдайда су көлемін реттеп, артық суды апатты су ағызу жүйесі арқылы Нұра бассейніне бағыттауға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – қаланы тасқын судан қорғау», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған қорғаныс бөгеті 450 млн текше метрге дейін тасқын суын жинақтай алады.

Қорғаныс бөгеті Қарағанды тасжолы бойында, әуежайға барар жолдың бойында орналасқан.

Үлкен қысыммен аққан су гидротехникалық құрылымдар арқылы өтеді. Нысанның жанында тұрған сәтте бұл құрылыстардың реттеп отырған су көлемінің қаншалықты ауқымды екенін түсінуге болады.

Дәл осы жерде мамандар тасқын су ағынын және су деңгейін реттейтін құрылғының жұмысын бақылауда ұстайды.

Су шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Серіков жобада заманауи гидрологиялық есептермен қатар, елорданың қарқынды дамуы да ескерілгенін айтады.
«Нысан 2008–2010 жылдары салынған кезде қала бүгінгідей емес еді. Қазір халық саны айтарлықтай өсті, климат өзгеріп жатыр, төтенше су тасқыны қаупі де артып келеді. Сондықтан біз тек бөгетті нығайтып қана қоймай, үлкен су көлемін қауіпсіз өткізуге мүмкіндік беретін заманауи су басқару жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бұл елордаға қауіп төндірмей, тасқын суларды реттеуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Жұмыстардың бір бөлігі қазірдің өзінде аяқталған. Атап айтқанда, дренаж жүйесі орнатылып, бөгетті кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Нысанды толық жаңғырту 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

Астанада апаттық су бұру каналы салынып жатыр
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері апатты су ағызу жүйесі мен бұру арнасының құрылысы жүріп жатқан аумаққа табан тіреді. Қызылжар ауылы маңында салынып жатқан бұл нысандар Астананы су тасқынынан қорғаудың заманауи жүйесінің негізгі бөлігіне айналады.


Жоба аясында Нұра өзеніне бағытталған жаңа арна, көпірлер мен дренаж жүйесі салынып, су деңгейін бақылау және ерте ескертуге арналған автоматтандырылған жүйе енгізіледі.

Яғни барлық жұмыстар тасқын суын Астана аумағына жібермей, қаланы айналып өтетін қауіпсіз бағытпен өткізуге бағытталған. Бұл жүйеде қорғаныс бөгеті мен бұру арнасы негізгі рөл атқарады.

Су бұру арнасының ұзындығы – 23 шақырым. Бұл аумақта 11 млн текше метр топырақ қазу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 5 млн текше метрі шығарылды, тағы 6 млн текше метр топырақ қалды. Қазір нысанда бір ауысымда шамамен 40 мың текше метр топырақ қазылып жатыр. Жоба бойынша жұмыстарды биыл жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

Құрылыс алаңынан шығар кезде бұл нысандардың көпшілікке беймәлім екенін байқауға болады. Қала сыртында орналасқан гидротехникалық құрылыстар тәулік бойы жұмыс істеп, елорданың су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді. Бүгінде мұнда жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары Астананы ауызсумен тұрақты қамтуға, тасқын қаупін азайтуға және гидротехникалық құрылыстардың алдағы жылдардағы тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге арналған.
Еске салсақ, осыған дейін Астананы ауызсумен қамтып отырған басты су қойманың бүгінгі жай-күйіне шолу жасаған едік.