
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Абай облысындағы өрт шыққан «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватына аттанды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Абай облысына ТЖМ басшысы Шыңғыс Әрінов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аттанды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өртті сөндіруге 400-ден астам адам жұмылдырылған.
Сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге мыналар тартылған:
- мемлекеттік орман күзетінің 120 қызметкері және 48 техникасы;
- Төтенше жағдайлар министрлігінің 158 қызметкері мен 22 техникасы;
- Ішкі істер министрлігінің 101 қызметкері және 25 техникасы;
- жергілікті атқарушы органдардың 24 қызметкері мен 10 техникасы;
- Денсаулық сақтау министрлігінің күштері.
Сондай-ақ өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының екі тікұшағы, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің екі Ми-8 тікұшағы жұмылдырылды.
«Әуе техникасы арқылы жалпы 89 рет су төгу жұмыстары жүргізіліп, өрт ошағына 102 тонна су төгілді. Қосымша күш ретінде өрт орнына «Ертіс орманы» МОТР-дың күштері, ҚР ТЖМ бөлімшелері және ҚР Қорғаныс министрлігінің тағы екі тікұшағы жұмылдырылуда», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Абай облысында «Семей орманы» орман алқабын жалын шарпыды. ТЖМ ақпаратына қарағанда, Абай облысының Бородулиха ауданында «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Бородулиха филиалы аумағында орман алқабы өртенді.