Банк пен қаржы

«Ұмай» ипотекалық бағдарламасы тамызда басталады

«Ұмай» әйелдер ипотекасы тамызда қайта іске қосылады / Фото: Shutterstock

Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы қайта іске қосылады. Өтінім қабылдау тамыз айында басталады. Бұл туралы Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова әлеуметтік желідегі тікелей эфир барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бағдарламаны қаржыландыруға арналған қаражат бөлініп қойған.

«»Ұмай» ипотекалық бағдарламасына қатысты жағымды жаңалығымыз бар. Бағдарламаны тамыз айында қайта іске қосамыз. Алғашқы қаражат қазірдің өзінде түсіп жатыр», – деді банк басшысы.

Бұған дейін бағдарламаны іске асыруға 45 млрд теңге бөлінетіні хабарланған болатын.

Бағдарламаға кімдер қатыса алады

Бағдарламаға мына талаптарға сай жұмыс істейтін әйелдер өтінім бере алады:

  • ресми табысы болуы;
  • соңғы кемінде алты ай бойы зейнетақы жарналарының аударылып тұруы.

Ипотека қандай шарттармен беріледі

Алдын ала жарияланған талаптарға сәйкес:

  • алғашқы жарна – ірі қалаларда 20%-дан, өңірлерде 15%-дан басталады;
  • несиенің ең жоғары сомасы – 50 млн теңгеге дейін;
  • несие мерзімі – 25 жылға дейін.

Отбасы банк әзірге бағдарламаның түпкілікті пайыздық мөлшерлемесін жариялаған жоқ. Бұған дейін алғашқы жылдары мөлшерлеме шамамен 15% болып, кейін 3,5–5%-ға дейін төмендеуі мүмкін екені айтылған.

Еске салайық, жуырда Halyk Bank «SHANYRAQ» атты жаңа тұрғын үй жинақ бағдарламасын іске қосты. Енді банк клиенттері 3 жыл ақша жинап, жылдық мөлшерлемесі 5%-дан басталатын ипотека ала алады.