Авто

Қай көліктер жүргізушілерді көбірек алаңдатады – зерттеу нәтижесі

Фото: Vibilagare.se, бильд-редактор: Дастан Шанай

Сенсорлық экран арқылы көліктің қарапайым функцияларын басқару жүргізушілердің жолға назар аударуына кедергі келтіруі мүмкін. Vi Bilägare журналының жаңа зерттеуі бұл мәселенің өзекті екенін көрсетті.

Зерттеу қалай жүргізілді

Швед сарапшылары алғаш рет 2022 жылы өткізілген зерттеуді қайта қайталады. Жабық әуежай аумағында көліктер сағатына 110 шақырым жылдамдықпен қозғалған кезде жүргізушілерден бірнеше күнделікті әрекетті орындау сұралды:

  • орындық жылытқышын қосып, температураны екі градусқа көтеру;
  • әйнек жылытқышын іске қосу;
  • радиоарнаны ауыстыру;
  • одометр көрсеткішін нөлдеу;
  • аспаптар панелінің жарықтығын азайтып, орталық экранды өшіру.
Vibilagare.se, бильд-редактор: Дастан Шанай

Сынақ басталар алдында қатысушыларға әр көліктің интерфейсімен танысуға уақыт берілді.

Зерттеудегі басты көрсеткіш – жүргізуші тапсырмаларды орындап жатқан кезде көліктің қанша қашықтық жүріп өткені болды. Егер 2022 жылы бұл көрсеткіш 756 метр болса, 2026 жылы 813 метрге дейін артқан. Бұл қазіргі көлік интерфейстері жүргізушілерді жолдан шамамен екі секундқа ұзағырақ алаңдататынын көрсетеді.

Ең үздік нәтиже Volvo-да

Сынақ қорытындысы бойынша ең жоғары нәтижені Volvo XC60 көрсетті. Көлік басқаруының басым бөлігі цифрлық жүйеге негізделгеніне қарамастан, жүргізуші барлық тапсырманы небәрі 485 метр жүргеннен кейін орындап шыққан. Зерттеу авторлары мұны интерфейстің дұрыс ұйымдастырылуымен түсіндіреді: негізгі функциялар бірден көрінетін жерде орналасқан, ал мәзір құрылымы түсінікті жасалған.

Skoda да жақсы баға алды. Бұл көлік сенсорлық экран мен физикалық батырмалардың арасындағы тиімді тепе-теңдікті сақтай алған.

Сенсорлық экрандардың айырмашылығы бар

Зерттеу нәтижесі мәселе сенсорлық экрандардың өзінде емес, олардың жасалу тәсілі мен ыңғайлылығында екенін көрсетті. Мысалы, Tesla Model Y төрт жыл бұрын сынақтан өткен Model 3-пен салыстырғанда айтарлықтай жақсы нәтиже көрсеткен. Тапсырмаларды орындау кезінде жүрген қашықтық 100 метрге қысқарған.

Ал жаңа Mercedes-Benz CLA керісінше, ең төмен нәтижелер көрсеткен көліктердің қатарында болды. Жүргізуші барлық әрекетті орындауға 35 секунд жұмсаған. Сонымен қатар көлік іске қосылғаннан кейін мультимедиа жүйесі экранды басқан әрекеттерге тек 19 секундтан соң жауап бере бастаған.

Батырмалар әрдайым тиімді шешім емес

Зерттеу көліктегі кәдімгі батырмалардың болуы әрдайым басқаруды жеңілдетпейтінін көрсетті. Мысалы, дәстүрлі батырмалы басқару панелі бар 2016 жылғы Volvo V60 көптеген заманауи көліктерден төмен нәтиже көрсеткен. Сарапшылар мұны орталық консольдегі функциялардың шамадан тыс көптігімен және басқару жүйесінің күрделілігімен түсіндіреді.

Зерттеу авторларының қорытындысы бойынша, өндірушілер салон дизайнының әсерлі көрінуіне көбірек мән беріп, басқару ыңғайлылығын екінші орынға ысырып барады. Алайда интерфейстің эргономикасы жүргізуші мен жолдағы басқа адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Айта кетейік қазақстандықтар шағын қозғалтқышты көліктерге көбірек ауыса бастады. Әсіресе 4 литрден жоғары қозғалтқышы бар көліктер санының азаюы айқын. Ал 1500 куб сантиметрге дейінгі көліктер де азайғанымен, бұл санат жалпы құрылымда салыстырмалы түрде тұрақты қалып отыр.