Қоғам

32 жыл бұрын зорлық көрдім деген Наташа іс бір орнынан жылжымай тұрғанын айтты

Наташа Қалымбетова басынан өткенді баяндап берді/фото: Qasqa jol видеосынан скриншот

32 жыл бұрын бірнеше жігіт зорлады деп мәлімдеген Наташа Қалымбетова президенттен көмек сұрады.

Айтуынша, төрт ай бұрын басынан өткен оқиғаны баяндап бергеннен кейін полиция әйелді Қазақстанға шақырған, арызын алған. Арызы тіркелгенімен, ешқандай нәтиже болмаған.

«Куәгерлер мен дәлел жоқ деген желеумен іс бір орнынан жылжылмай тұр. Жалғыз дәлелім – сол ер адамдардың әрекетінен 1995 жылы дүниеге келген қызым. Болжам бойынша қызым аман-сау, Америкада тұрып жатыр», – дейді әйел.

Наташа Қалымбетова президенттен істі жеке бақылауына алуын сұрап отыр.

«Сол арқылы Қазақстанда күн сайын болып жатқан зорлық әрекетін тоқтатқым келеді. Мен мұндай жағдаймен 32 жыл бұрын бетпе-бет келдім. Қызымның қайда екенін білмей өмір сүріп келе жатырмын», – дейді Наташа Қалымбетова.

Әйелдің айтуынша, оқиғаның бәрі 17 жасында болған. Ол кезде Наташа Батыс Қазақстан облысындағы ауылда анасымен бірге тұрған.

«Бір ағам әскерде еді, бірі – Алматыда журналист, үлкен ағам полицей болды, бір ағам – қазір мектеп директоры. Анам қатты кісі болды. Әкем жеті жасымда өмірден өтті.

…17 жастамын. Ауылдағы Аягөз деген қыздың үйіне жиналдық. Сол үйге бізден жасы үлкен жігіттер келіп алыпты. Қараша айы. Құрдастарымның арасында тұрдым. Арасынан бір жігіт мені ортадан жұлып алып шықты.

Қорқып тұрдым, қайда алып бара жатқанын білмедім. Басқа үйге кіргізді. Істейтіндерін істеді. Содан кейін таңғы төртте ішіндегі бір жігіт Жайықтың жағасына апарып тастады», – дейді Наташа Қалымбетова Qasqa jol YouTube арнасына берген сұхбатында.

Содан кейін болған жайт туралы ешкімге тіс жармауы керек екенін айтып, қорқытқан. Дегенмен оқиға мұнымен бітпейді. Бұл әрекет келесі жылдың наурызында қайталанған. Наташа көшеге шыққан кезінде оқиғаға қатысты бар жігіттің бірі үйіне алып кеткен. Қыз содан жүкті болып қалған.