Авто

Абай және Райымбек даңғылдары Үлкен Алматы айналма жолына қосылады

Үлкен Алматы айналма автожолы (БАКАД)
Мегаполистің маңызды ірі даңғылдары айналма жолға дейін созылады / карта: barr.kz

Абай және Райымбек даңғылы, сонымен бірге Сайын көшесі Үлкен Алматы айналма автожолына дейін ұзартылады. Мегаполис әкімдігінің мәліметінше, жол түсетін жер телімдерін сатып алу аяқталуға жақын.

Осы мәселе 17 шілдеде Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мен Алматы облысының басшысы Марат Сұлтанғазиев бірлесіп өткізген кеңесте сөз болды. Даңғылдар мен көшені айналма жолға дейін созу жобасы қала бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Қазір жер телімдерін сатып алу ғана емес, жобалық құжаттаманы жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын.

Дархан Сатыбалды мен Марат Сұлтанғазиев өткізген кеңес
фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды осы жұмысты тезірек аяқтауды тапсырды.

«Бұл – басым міндеттердің бірі. Қолданыстағы жолдарға түсетін жүктемені азайтып, транзиттік көліктің қала аумағын айналып өтуін қамтамасыз етуіміз және автокөліктің қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерін төмендетуіміз қажет. Қажетті қаржы бөлінген, жұмыс көлемі айқындалған. Салалық басқармалар жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуге тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.

Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы 2023 жылғы маусымда ашылған. Ол 66 шақырымға созылып жатыр.

Тақырыпқа орай: Алматыда 25 тамыздан бастап тротуарда электрсамокатпен жүруге тыйым салынады.