Жаңалықтар

Әйелін қапқан итті ұрып өлтірген ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды

фото: unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова
фото: unsplash, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Ақмола облысы Жақсы ауданында аулада жүрген ит бір әйелге шабуыл жасаған. Содан кейін жәбірленушінің күйеуі оны ұрып өлтірген.

Halyqstan ақпаратына қарағанда, 12 шілде күні кешке ауыл тұрғындарының бірі танысының үйіне барған. Сол сәтте шынжырға байлаулы тұрған ит босап кетіп, әйелдің аяғын тістеп алған.

Алайда жәбірленушінің күйеуі ит иесін заң аясында жауапқа тартудың орнына, өз бетінше әрекет еткен. Ол ит тұрған аулаға барып, жануарды аяусыз ұрып-соққан. Ит сол жерде тіл тартай кеткен.

Осы оқиғаға байланысты Ақмола облысының полицейлері «жануарға қатыгездікпен қарау салдарынан оның өліміне әкеп соққан әрекет» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Полиция жануарлардың шабуылына қатысты кез келген дау-дамай тек заң аясында шешілуге тиіс екенін еске салды.

Ал СҚО-да құтырған ит иесін қапқаннан кейін ауылға шектеу енгізілген болатын.