
Қазақстанның қаржы нарығында үлкен реформа басталды. Елдегі банктердің басын бір арнаға тоғыстыратын бірыңғай QR-код жүйесі іске қосылуға толықтай дайын. Бұл туралы Ұлттық банкте өткен брифингте Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов мәлімдеді.
Айтуынша, 17 шілдеден бастап еліміздегі банктердің басым бөлігі бірыңғай QR код жүйесін енгізуге кірісті. Жүйе ресми түрде жексенбі, 19 шілде күні жұмысын бастайды.
Кәсіпкерлер мен сатып алушылар үшін не өзгереді?
Бинұр Жәленовтің түсіндіруінше, іске қосылғалы тұрған жүйе бизнес өкілдерінен қосымша шығын немесе жаңа құрылғы орнатуды талап етпейді. Барлық жұмыс қолданыстағы инфрақұрылым арқылы жүзеге асырылады.
Ал қарапайым қолданушылар үшін тек өздері қолданатын банкінің мобильді қосымшасын App Store немесе Google Play арқылы жаңартып қойса жеткілікті.
Дүкендер тек бір ғана терминал арқылы төлем қабылдай ала ма?
Қазіргі уақытта әсіресе шағын азық-түлік дүкендері әртүрлі банктің карталары мен QR-кодтары үшін кассаға бірнеше терминал тізіп қоятыны жасырын емес.
Бинұр Жәленовтің айтуынша, кәсіпкерлердің екінші немесе үшінші терминалдан жаппай бас тартатынын айту әлі ерте. Аталған мәселені нарықтың өзі және банктер ұсынатын тарифтер реттейді.
«Ендігі шешімді кәсіпкерлердің өздері қабылдайды. Өйткені әр банк бизнеске қызмет көрсеткені үшін өз тарифін (комиссиясын) өзі белгілейді. Дегенмен, заң бойынша бірыңғай QR жүйесіндегі тарифтер шектен тыс қымбат болмауы тиіс», деп атап өтті Ұлттық банк өкілі.
Осылайша, бірыңғай QR-кодтың келуі жүйеаралық кедергілерді жойып, төлем нарығындағы бәсекелестікті арттырады. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету тарифінің төмендеуіне және отандық бизнестің шығындарын азайтуға септігін тигізбек.
Айта кетерлігі, жоба туралы 2024 жылдан бері айтылып келген. Сол кезде Ұлттық банк пен Ұлттық төлем корпорациясы ел банктерін ортақ төлем кеңістігіне біріктіру концепциясын ұсынған еді.
2025 жылдың тамызында техникалық платформа дайын болып, бірнеше банк телефон нөмірі арқылы аударым жасау жүйесіне қосылғанымен, әмбебап QR-төлемді іске қосу біраз уақытты талап етті.
Бұған дейін Тимур Сүлейменов елдегі қолма-қол ақша арқылы жасалатын саудаынң 90%-ға дейін қысқарғанын айтқан еді.