Авто

Домбыра мен қобызды ұшақ салонында алып жүруге рұқсат берілуі мүмкін

Құжат көпшілік талқысына шығарылды/фото: shutterstock

Көлік министрлігі ұшақпен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі. Құжат жолаушылардың құқығын қорғауды арттыруға, қызмет көрсету сапасын жақсартуға және қолданыстағы нормаларды заманауи талаптарға сәйкестендіруге бағытталған. Бұл туралы азаматтық авиация комитеті хабарлады.

Музыкалық аспаптарды тасымалдау

Құжат ішінде домбыра мен қобызды ұшақ салонында тасымалдауға рұқсат беру ұсынылған. Жолаушыларға аспаптарды қол жүгі ретінде, жеке жолаушы орнына орналастырып немесе тіркелген багаж ретінде тасымалдауға мүмкіндік беріледі.

Алайда аспаптың өлшемі 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 келіден аспауға тиіс.

Сондай-ақ жануарларды ұшақ салонында тасымалдауға мүмкіндік беру де қарастырылған.

Айыппұл және басқа ұшаққа ауыстыру

Министрлік ұшақ кешіккен жағдайда айыппұлды төлеудің нақты мерзімін белгілеуді ұсынып отыр. Яғни, тиісті өтініш берілген күннен бастап төлем 10 күннен кешіктірілмей жүзеге асырылуға тиіс.

Сонымен қатар тасымалдаушының кінәсі дәлелденген жағдайда тіркелмеген қол жүгінің бүлінуіне байланысты әуе компанияларының жауапкершілігін белгілеу көзделген.

Құжатта жолаушыларды басқа ұшаққа ауыстыру жағдайы да қарастырылған. Бірінші кезекте кәмелетке толмаған жолаушылардың, мүгедектігі бар адамдардың, ауыр науқастардың, жүкті әйелдердің және зейнет жасындағы азаматтар бірінші тасымалдануы керек.

Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында 27 шілдеге дейін ашық талқылауға шығарылды.

Бұған дейін ЮНЕСКО қазақстандықтарды Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады