
Елге 15 млн-нан астам шетел азаматы қыдырып келген. Олардың 11,1 миллионы Қазақстанда бір тәуліктен астам уақыт болған. Ішкі туристер саны 10%-ға өсіп, 8,6 млн адамды құрады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Қонақүйлер мен демалыс базалары көрсеткен қызмет көлемі 17%-ға артып, 350 млрд теңгені құрады. Салаға салынған инвестициялар 32,6%-ға өсіп, 1,256 трлн теңгеге жетті.
Жалпы, 2020 жылдан бері 573 инвестициялық жоба іске асырылып, соның нәтижесінде елдегі орналастыру орындарының қоры 25%-ға ұлғайып, 4 482 нысанға жетті.
Саяхатшыларды тарту мақсатында 84 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз режим енгізілді, ал 102 елдің азаматтарына электрондық виза қолжетімді.
Сонымен қатар Қазақстан 30 елмен халықаралық әуе қатынасын жүзеге асырып, 145 бағыт бойынша аптасына 812 рейс орындайды. 17 әуежайда бесінші «әуе еркіндігі» дәрежесімен «ашық аспан» режимі қолданылады.
Бұдан бөлек, Кендірліде, Зайсанда және Қатонқарағайда үш жаңа әуежай салынып жатыр, Арқалық әуежайы қалпына келтірілуде, сондай-ақ Алматы, Үржар, Шымкент және Павлодар қалаларындағы терминалдар мен ұшу-қону жолақтары жаңғыртылып жатыр.
Щучье-Бурабай курорттық аймағын, «Маңғыстау» туристік аймағын және Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспарлар әзірленді.
Бұған дейін Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Кендірлі» курорттық аймағындағы жаңа әуежай 2026 жылдың IV тоқсанында пайдалануға берілетіні айтқан еді.