Жаңалықтар

Семей орманындағы өртті сөндіруге жаяу десант көмектесіп жатыр

Семей орманы өртеніп жатыр
Ормандағы өртке тікұшақпен су шашу әрекеті / фото: Абай облысы әкімдігі

17 шілдеде таңертең «Семей орманы» табиғи резерватындағы өртті сөндіруге 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылды. Құтқарушыларға десант көмектесіп жүр.

Экология министрлігінің мәліметінше, жету қиын жерлерді сөндіру үшін өрттің ішкі жағына жаяу десант жіберілді.

Экология министрі Ерлан Нысанбаев пен Абай облысының әкімі Берік Уәли өрт аумағын әуеден бақылау мақсатында тікұшақпен ұшып өтті.

Өртті сөндіру басталғалы бері әуе техникасы арқылы 243 рет су төгіліп, 546 тонна су жеткізілді.

Облыс әкімдігінің дерегіне қарағанда, ормандағы өрттің ашық жануы тоқтатылып, қазір жекелеген түтіндеу ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Түнгі уақытта да жеке құрам өртті толық оқшаулау бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастырған.

Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, құтқарушылар түнде өрттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында оны қарауылдап, жиегіне су төгумен болған. Жағдайға үздіксіз мониторинг жүргізіліп, бықсып жатқан жекелеген ошақтарды жою жұмыстары атқарылды. Таң атысымен күштер дереу өрт сөндірудің белсенді кезеңіне кіріскен.

Естеріңізге сала кетейік, Семей орманыдағы өрт 16 шілдеде таңертең басталды. Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына министрлерді жіберді.