Жаңалықтар

Француз азаматына тиесілі Текелідегі зауыт таза пайдасын арттырды

Кәсіпорынның таза пайдасы артты / Фото: зауыт сайты

Француз азаматына тиесілі сыра уытын шығаратын зауыт таза пайдасын арттырды. Текелі қаласында орналасқан «Суффле Қазақстан ашытқы зауытының» таза пайдасы 2024 жылғы 2,3 млрд теңгеден 2025 жылы 3,2 млрд теңгеге дейін артты. Бұл туралы қаржы есебінде жазылған.

Зауыт негізі 1991 жылы қаланған. Кәсіпорын алғаш рет «Текелі уыт зауыты» мемлекеттік кәсіпорны ретінде құрылды. Кәсіпорын 1998 жылы чех инвесторының иелігіне өтіп, атауы «Алтын Бидай» АҚ деп өзгертілді.

Ал 2002 жылы зауытты француздың жекеменшік «Compagnie Internationale de Malteries SA» компаниясы сатып алды. Қазіргі уақытта бас компания зауыт акцияларының 99,3%-ын иеленеді. Кәсіпорынды француздың «Union InVivo» компаниясы бақылайды. Зауыттың түпкі иесі – Филип Манжен. Кәсіпорынның негізгі қызметі – сыра уытын өндіру және сату.

Зауыттың негізгі қызметінен түскен қаржы көлемі айтарлықтай өскен. Сатып алушылармен жасалған келісімшарттардан түскен жалпы түсім 2024 жылғы 17,4 млрд теңгеден 2025 жылы 22,0 млрд теңгеге дейін жетті. Өндірістің өсуімен қатар өнімнің өзіндік құны да ұлғайып, 2025 жылы 15,6 млрд теңгені құрады.

Шаруашылық қызметтің тиімділігін арттыру нәтижесінде жалпы пайда 6,5 млрд теңгеге дейін өсті. Әкімшілік шығыстар 872 млн теңгеден 1,3 млрд теңгеге (нақтырақ 1 314 млн теңгеге) дейін көтерілді. Қаржылық кірістер 186 млн теңгені құраса, қарыздар бойынша пайыздық шығыстар 979 млн теңгеге жетті.

Салық салынғанға дейінгі пайда 4,3 млрд теңге болып тіркелді. Кәсіпорын 1,1 млрд теңге көлемінде корпоративтік табыс салығын төледі. Нәтижесінде 2025 жылдың таза пайдасы 3,2 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 39,5%-ға артты.

Кәсіпорынның меншікті капиталы мен міндеттемелері құрылымында маңызды өзгерістер орын алды. Жалпы меншікті капитал 2024 жылғы 16,3 млрд теңгеден 2025 жылдың соңында 13,4 млрд теңгеге дейін төмендеді. Оған акционерлерге өткен жылдар пайдасынан 6,0 млрд теңге дивиденд төлеуі себеп.

Зауыттың жалпы міндеттемелері бір жыл ішінде 7,3 млрд теңгеден 13,0 млрд теңгеге дейін, яғни екі есеге жуық өсті. Міндеттемелердің өсуі негізінен қысқа мерзімді несие мен қарыз көлемінің 4,6 млрд теңгеден 9,4 млрд теңгеге дейін артуымен байланысты.

Текелі уыт зауыты шығаратын шикізатты Carlsberg зауыты сыра қайнатуға пайдаланады.