Жаңалықтар

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің көліктері ақылы жолдарда тегін жүре алады

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тиесілі жеңіл көліктер ақылы автомобиль жолдарында жол ақысын төлемейді. Сонымен қатар бірқатар арнайы қызмет көліктері мен кей санаттағы автобустарға да жеңілдік қарастырылған. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы хабарлады.

Бұл талаптар «Автомобиль жолдары туралы» заңның 5-2-бабында көрсетілген.

Арнайы қызмет көліктері ақы төлемейді

Арнайы қызмет көліктері міндеттерін орындау кезінде ақылы жолдарды тегін пайдалана алады.

Атап айтқанда:

  • жедел медициналық жәрдем ұйымдарының көліктері;
  • авариялық-құтқару қызметтерінің көліктері;
  • құқық қорғау органдарының көліктері;
  • көліктік бақылау органдарының көліктері;
  • арнаулы мемлекеттік органдардың көліктері;
  • ҚР Қарулы күштері мен әскери құралымдардың көліктері;
  • ақылы жолдарды күтіп-ұстаумен айналысатын ұйымдардың арнайы көліктері;
  • жануарлар дүниесін қорғау саласындағы уәкілетті органның көліктері.

Кейбір автобустар мен жергілікті көліктерге жеңілдік бар

Заң бойынша бірқатар көлік санаттары да ақылы жол ақысына тартылмайды.

Олардың қатарында:

  • қала маңындағы және тұрақты бағытта жолаушы тасымалдайтын автобустар;
  • ақылы жолға жақын орналасқан аудандарда тіркелген автобустар (сол аудан аумағында жүргенде);
  • су кедергілері мен теміржол өткелдеріндегі жақын көлік айрықтары арасында жүретін кейбір жүк көліктері;
  • ақылы жолға іргелес аудандарда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың жеңіл көліктері (бір аудан ішінде жүрген кезде).

Ардагерлердің көлігі де тегін өтеді

Ақылы жолдарды тегін пайдалана алатындардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тиесілі жеңіл автомобильдер.

Бұл жеңілдік тек көлік құралы арнайы дерекқорға енгізілгеннен кейін ғана қолданылады.

Жеңілдікті қалай рәсімдеуге болады

Тегін жүру құқығын алу үшін көлік құралын жеңілдік берілетін санаттар тізіліміне енгізу қажет.

Ол үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына:

  • ресми өтініш;
  • көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің тізімі;
  • тұрақты автобус бағыттарына қатысты құжаттар (қажет болған жағдайда) ұсыну керек.

Көлік нөмірі арнайы ақпараттық жүйеге енгізілгеннен кейін ғана жол ақысы есептелмейді. Егер көлік дерекқорға тіркелмесе, ақылы жолмен жүргені үшін төлем жалпы тәртіппен алынады.

Осыған дейін ұлттық компания қазақстандықтарға ақылы жолдармен жүруге арналған абонементтің құны мен оны рәсімдеу тәртібін түсіндірген болатын. Сондай-ақ жүргізушілерге айлық және жылдық абонемент сатып алуға болатынын еске салды.