
«Клубный сервис» YouTube арнасының автосарапшысы Илья Свиридов кореялық екі бизнес-седан – турбомоторлы Hyundai Sonata мен гибридті Kia K5-ті салыстырды.
Оның пікірінше, екі модель де әлі күнге дейін қытайлық көліктермен бәсекелесе алатын таңдаулардың қатарында. Алайда соңғы бірнеше жылда олардың бағасы айтарлықтай қымбаттаған.
Сарапшының айтуынша, бірнеше жыл бұрын Ресейде жаңа Kia K5 шамамен 2,4 млн рубль тұрса, қазір жүрілмеген көліктің бағасы 4,6 млн рубльге (шамамен 31,3 млн теңге) жеткен. Ресей нарығына арналған Hyundai Sonata да осы шамада бағаланып отыр.
Бағаның өсуін Илья Свиридов кедендік баждардың, түрлі алымдардың көбеюімен және көлік импорттау шарттарының өзгеруімен байланыстырды.

Ал Қазақстанда ресми дилерлер 1,5 литрлік турбомоторы бар Kia K5 моделін 12 млн теңгеден, ал 2 литрлік нұсқасын 12,7 млн теңгеден бастап ұсынады.
Hyundai Sonata көлігінің 1,5 литрлік қозғалтқышпен жабдықталған нұсқасы 12,3 млн теңгеден, ал 2.0T және 2.5 GDI қозғалтқыштары бар үлгілері 13 млн теңгеден басталады.
Классикалық қозғалтқыш па, әлде гибрид пе

Свиридовтың пікірінше, Sonata-дағы 180 ат күші бар турбокомпрессорлы қозғалтқыш күнделікті жүргізуге жеткілікті. Алайда 100–140 мың шақырым жүргеннен кейін шағын көлемді мотордың ресурсына қатысты сұрақтар туындауы мүмкін.
Жаңартудан кейін седан мынадай жабдықтарға ие болды:
- цифрлық аспаптар панелі;
- панорамалық төбе;
- орындықтарды желдету және жылыту жүйесі;
- айналаны толық көрсететін камера жүйесі;
- адаптивті круиз-бақылау;
- жолақта ұстап тұру жүйесі;
- проекциялық дисплей.
Ең елеулі өзгерістердің бірі – беріліс қорабы селекторының руль бағанасына ауыстырылуы. Соның арқасында салонда бос кеңістік көбейген.

Kia K5 Hybrid 2,0 литрлік іштен жану қозғалтқышы мен жалпы қуаты шамамен 200 ат күшін құрайтын электр қозғалтқышымен жабдықталған.
Бұл – сыртқы желіден қуаттауды қажет етпейтін параллельді гибрид жүйесі. Көлік төмен жылдамдықпен жүргенде тек электр қуатымен қозғала алады, ал жылдамдықты арттырғанда бензин қозғалтқышы автоматты түрде іске қосылады.

Қай көлік тиімдірек
Бір платформаға негізделгеніне қарамастан, бұл екі седанның мінезі әртүрлі. Hyundai Sonata-ның салоны ашық түсті әрі классикалық үлгіде жасалған жасалған, ал Kia K5 қара түсті әрлеудің арқасында спорттық сипатқа ие.

Сонымен қатар K5 моделінде беріліс қорабын ауыстыруға арналған дәстүрлі айналмалы тетік қолданылады. Көлікте жүргізушіге мынадай мүмкіндіктер ұсынылады:
- орындықтарды жылыту және желдету жүйесі;
- рульді жылыту;
- саусақ ізі арқылы тану жүйесі;
- сапалы аудиожүйе;
- жүксалғышты қашықтан ашу функциясы.

Свиридов гибридтің басты кемшілігі ретінде құрылымының күрделілігін атады. Оның айтуынша, бұл кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін жөндеу шығындарының қымбаттауына әкелуі мүмкін.
Алайда сарапшының сөзінше, Hyundai және Kia көліктеріне арналған түпнұсқа қосалқы бөлшектерді VIN-код арқылы оңай тапсырыс беруге болады. Бұл көлікке қызмет көрсетуді жеңілдетеді.
Қорытындылай келе, сарапшы Sonata классикалық бензинді седан іздейтіндерге, ал гибридті K5 заманауи әрі үнемді қозғалтқыш жүйесін қалайтындарға қолайлы екенін айтты. Бағасы шамалас болған жағдайда, екі модельдің бірін таңдау көбіне жүргізушінің жеке талғамына байланысты болады.
Еске салайық, осыған дейін мамандар жүргізушілердің назарын жиі аударатын көлік модельдерін анықтаған еді.