
Шанхай қаласында жұмыс сапарымен жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулмен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы Қазақстан Таиландты Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Сондай-ақ Президент екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетіне жоғары баға берді.
Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76%-ға өсіп, 110 млн доллардан асты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл көрсеткішті, ең алдымен, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту арқылы айтарлықтай арттыруға болатынын айтты.
Кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Мемлекет басшысы екі ел үкіметтері арасындағы ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.

Президенттің айтуынша, туризм саласы да ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі саналады. Таиланд қазақстандықтар үшін дәстүрлі түрде ең танымал туристік бағыттардың бірі болып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде бұл елге 150 мыңнан астам қазақстандық барған.
Сонымен қатар Қазақстан да Таиланд тұрғындарына, оның ішінде қысқы туризм бағытында демалуға мол мүмкіндік ұсына алатыны атап өтілді.
Анутин Чарнвиракул Таиландтың өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды бағыттар бойынша Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Бангкок экономика, сауда, цифрландыру және туризм салаларындағы әріптестікке жаңа серпін беруді маңызды деп санайды.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Шанхайдағы форумда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин ұсынған тұжырымдаманы мақтап, әлемдегі қақтығыстарды ЖИ көмегімен шешу жолдарын ұсынды.