
2024 жылы бес жылға сотталған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бостандыққа шықты. Бұл туралы ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті KursivMedia ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
«Сотталған Абылай Мырзахметов сот үкімі негізінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеген. Соттың шешімімен оған тағайындалған жаза бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды», – деп хабарлады комитет.
Бұған дейін 2025 жылы үш жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың бостандыққа шыққаны хабарланды.
Мырзахметов ісі
Абылай Мырзахметов 2024 жылдың мамырында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Сол кезде одан қылмыстық жолмен алынған 5,8 млрд теңге сомасында ақша мемлекет кірісіне тәркіленген. Оған жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде 10 жыл мерзімге қызмет атқаруға тыйым салынды.
2024 жылдың қыркүйегінде Мырзахметовтің ісі бойынша мемлекетке қосымша 7 млрд теңге қайтарылғаны хабарланды.