
Ұлттық банктің басқарма құрамы мен директорлар кеңесіне кіретін топ-менеджерлер 2025 жылы 2 млрд теңгеден аса сыйақы алған. Бұл туралы бас банктің қаржы есебінде жазылған. Оған ең бірінші болып «Ручная экономика» телеграм-арнасы назар аударды.
«2025 жылы ҚҰБ Басқармасының және Директорлар кеңесінің мүшелеріне персонал шығысы 2,058,304 мың теңгені (2024 жылы: 1,692,435 мың теңге) құрады. Персонал шығысына жалақы мен басқа да төлемдер қосылған», – делінген қаржы есебінде.
Ұлттық Банк – Қазақстан Республикасының орталық Банкі. Оның мақсаты – Қазақстандағы баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Бас банк ақша-несие саясаты жүргізіп, төлем жүйелері қызметін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамсыз етіп, статистикалық есеп жүргізеді.
Ұлттық банк басшылығында Тимур Сүлейменов пен оның 6 орынбасары бар. Ал басқарма құрамына 9 адам кірген. Олар:
- Ұлттық Банк Төрағасы (Тимур Сүлейменов);
- Ұлттық Банктің 4 лауазымды тұлғасы, төраға орынбасарлары (Ерұлан Жамаубаев, Ақылжан Баймағамбетов, Әлия Молдабекова, Данияр Вагапов) ;
- Қазақстан Республикасы Президентінің 1 өкілі (Нұрлан Байбазаров – ҚР Президентінің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі);
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2 өкілі (Серік Жұманғарин -ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ұлттық экономика министрі, Мәди Такиев – ҚР Қаржы министрі);
- Қаржы нарығын реттеумен айналысатын уәкілетті органның 1 өкілі (Мәдина Әбілқасымова – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы).
Ал Директорлар кеңесінің құрамына ҰБ төрағасы мен орынбасарларынан бөлек, 21 адам кіреді.
Бұған дейін Ұлттық банкке тиесілі «Мемлекеттік кредиттік бюро» бес топ-менеджеріне 200 млн теңге сыйақы төлегені белгілі болған.