Жаңалықтар

Аптап ыстықта балаларды көлікте қалдыру қауіпті – ТМЖ ескерту жасады

Фото: kursiv.media коллажы
Фото: kursiv.media коллажы

Төтенше жағдайлар министрлігі ата-аналарға ескерту жасап, аптап ыстықта балаларды жабық көлік ішінде қалдыруға болмайтынын хабарлады.

ТМЖ ақпаратына қарағанда, жазда күн қатты ысыған кезде жабық автокөлік салонындағы ауа температурасы бірнеше минут ішінде-ақ қауіпті деңгейге дейін көтеріледі.

«Бұл, әсіресе, балалардың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Есіңізде болсын, сырттағы ауа температурасы 30–35°С болған жағдайда көлік салонындағы температура небәрі 10-15 минут ішінде 50-60°С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Мұндай жағдайда баланың ағзасы қатты қызып, өміріне қауіп төнеді», – делінген хабарламада.

Айта кететін жайт, 5 жасқа дейінгі балалардың дене қызуын реттеу қиынға соғады. Денсаулық сақтау министрлігі жазда ыстықтан сақтану жолдары туралы ақпараттық жаднама жариялаған еді.