Жаңалықтар

Бір орынға 6 адам таласады. Магистратура тестінен өтетіндер не білуі керек

магистратура
фото: shutterstock, бильд-редактор: Дастан Шанай

Бүгін магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды, ол 10 тамызға дейін жалғасады.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 61 мыңнан астам өтініш қабылданған. Бұл былтырғыдан 10 мыңға көп. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Бизнес, басқару және құқық» бар.

Ғылыми-педагогикалық магистратура

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі әрі үш бөлімнен тұрады:

  • шет тілі бойынша тест;
  • оқуға дайындығын анықтауға арналған тест;
  • білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест бойынша – кемінде 7 балл, білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша: бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл.

Бейінді магистратура

Бейінді магистратураға түсуге ниетті түсушілер тек білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест тапсырады. Шекті балл кемінде 30 балл, оның ішінде бірінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл, екінші бейінді пән бойынша – кемінде 7 балл құрайды.

Тестілеу нәтижелерімен келіспеген жағдайда онлайн-апелляция беруге болады.

Магистратурада оқу үшін 2026 жылы 11 мыңға жуық грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінбек

Грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттарды ЖЖОКБҰ-ға қабылдау 28 тамызға дейін дейін жүргізіледі.

Бұған дейін елдегі және Алматыдағы ең қымбат оқу орындары туралы эксклюзив материалдарымыз шыққан.