
Қаржылық мониторинг агенттігінің СҚО бойынша департаменті ел аумағындағы ірі «Nomad Poker» онлайн-казиносының қызметін тоқтатты.
Бұл заңсыз платформа «Club GG Poker» мобильді қосымшасының негізінде құрылған. Онлайн-казиноны Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан отырып басқарғаны анықталды. Ұйымдастырушылар өздерінің жеке басын жасыру үшін шетелдік «дропперлер» желісін пайдаланған. Олар шетел азаматтарының атына 400 долларға дейін сыйақы беріп, банк карталарын рәсімдеген.
Қылмыстық схема үшін жалпы саны 60-тан астам дроп-шот қолданылған. Әлеуметтік желілердегі жарнама арқылы казиноға 20 мыңнан астам пайдаланушы тартылған.
Платформаның жалпы қаржы айналымы 7,5 млрд теңгеден асып кеткен.
Сот санкциясымен Алматыдағы пәтер, үш автокөлік және шоттардағы 158 миллион теңге бұғатталды. Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Осыған дейін Астана тұрғыны мобильді қосымша арқылы қолжетімді онлайн-казино қызметін ұйымдастырып, заңсыз ақша тапқаны белгілі болған.
Жалпы елде казино мен букмекерлік кеңселерге қойылатын талап күшейіп, ойын бизнесінің жарнамасын шектейтін заң қабылданған.